Шымкент қаласында кәсіптік колледж студенттері мен ерекше білім беруді қажет ететін мектеп оқушыларының қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрменің мақсаты – әр адамның шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік беру, кәсіби әлеуетін дамыту және ұлттық қолөнерді дәріптеу.
«Мамандыққа шектеу жоқ – мүмкіндік бәріне ортақ» атты көрмеде ағаштан ойылған мүсіндер, тоқыма бұйымдар, суреттер, кестелер мен түрлі қолөнер туындылары қойылды. Әрбір жұмыс авторлардың ізденісі мен еңбегінің нәтижесін көрсетеді.
Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдарға да ерекше орын берілді. Қолөнерші-дизайнер Баян Тастанова заманауи үлгіде тігілген көрпешелер, жастықтар мен көрпе тысын көпшілікке таныстырды. Оның айтуынша, қазақы ою-өрнекпен безендірілген бұйымдарға сұраныс жоғары. Шебер қыз жасауын дайындауда да ұлттық дәстүр мен заманауи талғамды ұштастырады.
Шараға ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар да белсенді қатысты. Олардың қолынан шыққан туындылар шығармашылық қабілет пен еңбекке деген қызығушылықтың шектеусіз екенін көрсетті. Ұстаздардың айтуынша, оқушылар арнайы үйірмелерде тігін тігуді, тоқуды, кестелеуді және түрлі материалдармен жұмыс істеуді үйренеді. Бұл дағдылар балалардың өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, болашақта мамандық таңдауына да мүмкіндік береді.
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гауһар Шырынқұлызының сөзінше, оқушылардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай түрлі бағытта практикалық сабақтар өткізіледі. Бүгінде олардың арасында дизайнер болуды армандайтын қыздар да бар.
Көрмені Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Іс-шара аясында әйелдердің қоғамдағы және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру, отбасылық-демографиялық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне басымдық берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар азаматтардың кәсіби белсенділігін арттырып, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін танытуға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады.