Астанада «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау қорытындысы бойынша Шымкент қаласының үш колледж студенті үздіктер қатарынан көрінді.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, байқау жеңімпаздарын марапаттады.
Республикалық байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық өңірінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысты. Қатысушылар кәсіби жетістіктері, көшбасшылық қабілеттері, қоғамдық белсенділігі және инновациялық жобалары бойынша бағаланды. Қорытындысында 100 студент үздік деп танылды.
Жеңімпаздар қатарында Шымкент қаласының атынан қатысқан үш студент бар. Олар:
Іңкәр Алтай – М. Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің студенті;
Санжар Нұрланұлы Ашимов – «Парасат» колледжінің студенті;
Асан Исмаилов – Политехникалық колледждің студенті.
Байқау жеңімпаздарының қатарынан көріну – студенттердің кәсіби даярлығы мен ізденісінің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік олардың білім алуына жағдай жасап, кәсіби бағдар беру бағытында еңбек етіп жүрген педагогтер мен жетекшілердің жұмысына да қатысты.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлау, жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және жастардың кәсіби әлеуетін дамыту мәселесі өзекті. Осы тұрғыдан алғанда, республикалық байқау студенттердің жетістіктерін танытуға және олардың кәсіби дамуына ынталандыруға бағытталған.
Шымкенттік үш студенттің республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінуі – қала колледждері үшін де маңызды нәтиже.