Шымкентте дәрілік заттарды алыпсатарлар азаяр емес. ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті еліміздің барлық өңірлерінде дәрілік заттарды сату кезінде құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша ауқымды жұмысты жалғастырып келеді.
Мәселен, Комитеттің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне қала тұрғынының дәрілік препараттарды асыра көтеріңкі бағада заңсыз сатқандығы жайлы жедел ақпарат келіп түсті. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында жалпы сомасы 150 000 теңгеге 10 қаптама «Ингавирин» дәрісін сату фактісі анықталды. Яғни, 1 қаптамасы 15 000 теңге. Алайда, 2019 жылғы 15 шілдедегі ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген препараттың шекті бағасы — 1 қаптамасына 5640 теңгені құрайды. Қазіргі таңда аталған факт бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.