Шымкент қаласы Құрсай шағын ауданына инженерлік-инфрақұрылым тарту жұмыстары жүзеге асуда, деп хабарлайды Bozyq.kz Ақпарат агенттігі. 20 мыңға жуық тұрғыны бар шағын ауданды сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталған. Жалпы ұзындығы 336,5 шақырымды құрайтын су жүйесін тарту жұмысы кезең-кезең бойынша жүзеге асырылған болатын.
Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекенінде сапалы инфрақұрылыммен қамту — басты міндеттердің бірі. Осыған орай, қазіргі уақытта Құрсай елді мекенінде бірнеше нысанның құрылысы қарқын алған. Атап айқанда, Тұрбат, Шеңбертал, Таңбалы тас, Мәмешов тұйығы, Зайсан, Өскент көшелеріне асфальт салынды. Сонымен қатар, Сатқанбайұлы, Бекболатов, Құлантөбе, Құлантөбе өткелі, Әулиекөл, Егізтөбе көшелерінде құрылыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Агрофирма Құрсай елдімекені Сарытау соңы, Ақбастөбе көшелеріне жол салу құрылысы жүруде.
2023 жылдың соңына дейін Құрсай елдімекені бойынша 40 көшеге 16,4 шақырым шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде дейін 32 көшеге 15,2 шақырым шағал тас төсеу жұмысы аяқталды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бүгінгі күнге дейін Аққыстау және Қармақшы көшелері жарықтандырылса, Таңатар көшесін де жарықтандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, ауыз су мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатын болады.