ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ИЗРАИЛЬДЕ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен шетелдік сарапшылар Шымкентке арнайы жұмыс сапарымен келді. Іскерлік сапар аясында білікті медицина мамандары қызылша ауруының алдын алу мен емдеу жолдары турасында халықаралық шеберлік сабағын өткізді. Ал, осы сәттерде  шаһардың медицина мекемесі маман­дарының бір бөлігі Израиль мемлекетіне біліктілікті арттыру мақсатында барды.

Бұл жергілікті дәрігерлердің білім мен тәжірибелерін кеңейту үшін қажет. Сонымен бірге алдағы уақытта мол тәжірибе жинап қайтқан мамандар үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор серпін берері сөзсіз,-дейді қалалық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.  Бүгінгі таңда шетелде оқуда жүрген дәрігерлер шеберліктерін шыңдап жатыр. Оқу мақсатындағы іс-сапар екі аптаға жалғасады.

«Өздеріңіз білесіздер, Израиль – әлемдегі медицина индустриясы дамыған мемлекет. Тіпті ерте заман­нан еврей халқы адамды емдеудің құпия сырын жетік білген. Ал бүгінгі цифрлық заман дәуірінде Израиль жаңа технологияның көмегімен медицина саласында тіптен алға озып шықты. Сондықтан адам денсаулығын жақсарту мәселесінде жетістіктерге жеткен елмен әріптестік байланыс орнату отандық медицина үшін өте үлкен тәжірибе болмақ. Израильде білімін толықтырып келген мамандар жергілікті әріптестеріне бар білгенін үйретсе, мегаполистің ден­саулық сақтау саласы алдағы уақытта сапа жағынан бір сатыға жоғарылайды деген сенімдеміз. «Жүз естігеннен бір көрген артық» демекші, Израильдің медицинасы тамаша екенін білгенімізбен, нақты тәжірибеде көрмеген едік. Енді әріптестік байланыстың нәтижесінде мұндай мүмкіндікті өз тәжірибеміз арқылы байқап көруге керемет сәт туды. Жалпы тек медицинада емес, кез келген салада өзара тәжірибе алмасу кәсіби біліктілікті арттыруға, мамандардың озық технологияларды бір-бірінен үйренуіне көмегін тигізеді. Сол себепті бұл бас­тама  үлкен  қолдау тауып отыр», деді мегаполистің бас дәрігері Н.Асылбеков.

Айта кетейік, Израильге білімін жетілдіру үшін барған топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр секілді дәрігерлер бар. Жалпы, 44 медицина қызметкері шетелге аттанған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *