Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың инфрақұрылымына қатысты бірқатар нысандарды аралады. Адырбеков көшесінің құрылыс барысымен танысты. Алдияров көшесінен Т.Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықта атқарылған жұмыстарды екшеді.
Мінездеме бере кетейік. Жоба бойынша көшенің жалпы ұзындығы 3,74 шақырым. Ал, ені 23 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Адырбеков көшесінің құрылысы 82 % орындалған
Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. Құрылыс барысын қадағалаған Ғабит Әбдімәжитұлы жауаптыларға жұмыстарды сапалы, мерзімінде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Сосын, Сәуле шағын ауданына табан тіреді. Сәуле шағын ауданында саялы саябақ бой көтеруде. Шағын аудан тұрғындарының үш жыл күткен саябағы жақында қолданысқа беріледі. Елдімекен көркін арттыратын, халыққа жанға жайлы демалыс сыйлайтын саябақ құрылысы қызу жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа демалыс алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Қазір 2,5 гектарды алып жатқан саябақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. 900 шаршы метрге асфальт жабындылары төселіп, 8 мыңнан аса шаршы метрге түрлі өрнектастар орнатылған. Сондай-ақ, жасанды газондар саябақты әдемі реңке көмкеріп тұр.
Жоспарға сәйкес демалыс орны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кетейік, шағынауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар да жоспарға сәйкес атқарылуда. Мұнда жаңа нысандар да бой көтере бастады. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын талаптарға, өндірістік кестеге сай атқарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда нақты тапсырмалар жүктеді.