Шымкенттегі қалалық №6 емханада үздік тәжірибелік орталығының ашылу рәсімі өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков қатысты.
–Мұнда бастапқы санитарлық-медициналық көмек пен мейіргерлік ісінің сапасын жақсарту, әлеуметтік қызметтерді үлестіру және психолог мамандармен жұмыс жасауға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Науқасты емдеу және аурудың алдын алу процестеріне пациенттердің өздері мен жақындарын қатыстыруға да баса назар аударылмақ. Негізінде емханалар қызметінің 50 пайызы осындай профилактикалық бағытқа айналғаны дұрыс. Өйткені, біздің медицинамыз толықтай ауру адамдарға жұмыс істемей, сау адамдарға ауырмаудың жолын көрсете алатын болуы керек, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Емханада алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімі, потранаттық қызметтің әмбебап прогерссивті моделі кабинеті, отбасылық денсаулық орталығы, Әл-Фараби Жастар денсаулық орталығы ашылған. Бұдан бөлек медицинадық мекемеде бұрын соңды болмаған қарапайым халықтан құралған ақылмандар кеңесі, халық комитеті құрылды. Оның мақсаты денсаулық сақтау ұйымы мен халық арасындағы байланысты күшейте отырып, сенімін арттыру. Сондай-ақ медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына балайланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізіліп, «4D» негізінде жастар денсаулық орталығы ашылды.
Үздік практиканы енгізудегі тағы бағыттардың бірі ерлер денсаулығын жақсарту. Бұл үшін емханада арнайы ерлердің денсаулық күні бекітіліп, азаматтар үшін медициналық көмек көрсетіледі.
Айта кетейік, үздік практика жобасы негізінде емхананың 107 қызметкері оның ішінде, 68 дәрігер, 39 орта буынды қызметкер біліктілігін арттырды