Бүгін Шымкент қалалық «Достық» үйінде «Қазақ дастарханы» фестивалі ұйымдастырылды,-деп хабарлайды Bozyq.kz ақпарат агенттігі.
Аталған іс-шараға қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Шымкент қалалық ҚХА мүшелері мен құрылымдарының жетекшілері, сондай-ақ, этнос өкілдері мен өнерпаздар, БАҚ өкілдері қатысты.
Шаһардағы «Достық» үйі қаламыздағы сан этностың ынтымағын ұйыстырып, бірлігін бекемдеп отыр. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер төрағаларының ұйымдастыруымен қазақ халқының ас мәзірінен құралған тағамдар мен сусындар дастарханға ұсынылды.
Қазақ халқының ас мәзірін дайындауда үздік деп танылған қатысушылар 4 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болып, төмендегі этно мәдени бірлестіктер марапатталды. Атап айтқанда, «Озық дастархан» номинациясы бойынша ІІІ орынды түрік этномәдени бірлестігі, «Бірлік дастарханы» номинациясы бойынша ІІ орынды өзбек этномәдени бірлестігі, «Үздік дастархан» номинациясы бойынша І орынды славян этномәдени бірлестігі, «Үздік қазақ тағамдары» номинациясы бойынша Бас жүлдені корей этномәдени бірлестігі иеленді.
Жалпы, қалалық этномәдени бірлестіктер қазақ тағамдарының ішінде ұмытылып бара жатқан тағам түрлерін де ұсынып, халқымыздың дәстүрлі ұлттық дастархан үлгілерін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білуде өз үлестерін қосты.