«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ШЫМКЕНТТЕ “КИЕЛІ МЕКЕН” АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында Абай ауданында орналасқан Бәйдібек би ескерткіші аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру, талдарды әктеу, орындықтарды сырлау жұмыстары жүргізілді. Ескерткіш аумағының тазалық жұмыстарына Абай ауданының әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ерікті жастар және белсенді тұрғындар атсалысты. 200-ден аса адам қатысып, 10-ға жуық техника жұмылдырылды.

Абай ауданында акция басталғалы әр жерде тазалау жұмыстары жүргізілуде. Осы аптада киелі оындарды тұрғындарға дәріптеп, оның аумағын таза ұстауға үйрету мақсатында көптеген ескерткіштер жуылып-тазаланды. Осы аймақтағы мәдени-тарихи нысандарды білсек те, оның тазалығына мән бере бермейміз. Жалпы бұл іс-шара тек тазалық жұмыстарымен шектеліп жатқан жоқ. Акцияның бірден-бір ерекшелігі де осында. Бұл апта киелі орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу болғанымен, қаламыздың әр бұрышы, әр ауласы киелі. Сондықтан қазір ауданда ескерткіштерден бөлек тұрғын үйлердің аулаларында да тазалық жұмыстары жүріп жатыр, — дейді Абай ауданы әкімі аппаратының коммуналдық бөлімінің басшысы Мейіржан Әжиддин.

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы демалыс күні де барлық 5 ауданда жалғасын тапты. Дендробақ аумағы айнадай етіп тазартылды. Қалалық прокуратура қызметкерлері сыпырғы ұстап, күрек көтерді.  Қадағалаушы орган қызметкерлері саябақты толықтай тазалап, шөптерді орып, жинаумен айналысты. «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасып, ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Өйткені тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілгенде нәтижелі болары анық,-дейді акцияға қатысушылар.

Бүгін сенбіліктің екінші аптасы аяқталып жатыр. Қаламызда көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат — тазалықты, таза жүріп-тұруды, қаламызға сүйіспеншілікпен қарауды тұрғындарға дәріптеу. Бүгінгі шараға қалалық прокуратурадан 170-ке жуық қызметкер қатысты. Бізден бөлек коммуналдық мекемелер арнайы техникаларымен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тазалық күнінде ерікті жастар, тұрғындармен бірге үлес қосуды мақсат тұттық. Әр аптаның әр түрлі атаулармен аталуында да өзіндік мән бар. Біз акцияның алдағы апталықтарына де белсене қатысамыз, — деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев.

Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени орындар, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Тұрғындар мұны дәстүрлі шараға айналса екен дейді. Алдағы уақытта акцияның үшінші апталығы басталмақ. Апталық аясында көшет отырғызу жұмыстары жүреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *