Шымкент қалалық перинаталдық орталығында МӘМС есебінен өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды. Нәресте ішкі ағзасының ақауынан тіпті ана сүтін еме алмаған. Білікті дәрігерлер құрамы өміріне қауіп төнген бір күндік шақалаққа шұғыл түрде неонаталдық хирургиялық көмек көрсету шешімін қабылдайды. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бала анасымен жалпы палатаға ауыстырылған. Алдағы уақытта дәрігерлердің бақылауында болады.
— Жыл басынан бері қалалық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімі базасында неонаталдық хирургиялық операциялар жүргізіле бастады. Соның арқасында ішкі ағзаларының ақауымен туылатын нәрестелерге күрделі ота түрлері өзімізде жасалуда. Бұған дейін түрлі патологиялары бар балаларды мамандандырылған ауруханаға жолдайтынбыз. Өйткені перзентханада ондай медициналық көмек көрсетілмейтін, -дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің неонаталды ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова.
Жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургиялық көмек 21 балаға көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы жүзеге асырылады.
Оның айтуынша, бірінші бағыт медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға байланысты. Екінші бағыт эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыруға арналған. Үшінші бағыт отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал етеді. Төртінші бағыт саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.