«БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал
үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.
Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруда Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қытайлық «Peng Seng» компаниясымен бірлесіп, осы елдің тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесті. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа технологиямен мақта егу алқаптарын арттыруды тапсырды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны 500 млн теңгені құрайды, қаражат Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тиесілі. Тартылған инвестициялық көлемі 500 млн. теңге. Жобаның ерекшелігі — дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын суды 50% үнемдей отырып, өнімділікті 60-70 центнерге арттырады.