Сарыағаштық жастар «Өнегелі ұрпақ» апталығында ҰОС ардагері Ермахан Ишқоновтың үй ауласында сенбілік жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғын үй ауласын қоқыстардан тазартты. Шараға жастармен бірге аудандық «Amanat» партиясының төрағасы Қ.Қыстаубаев белсене атсалысты.
Ұлы отан соғысының ардагері Ермахан Ишқонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақыртылып, соғысқа аттанған. Сондай-ақ, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге жіберіліп, 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Бүгінде Ермахан ақсақал I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «Мінсіз қызметі үшін» және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ал Сауранда қариялардың ауласына тазалық жұмыстары жүргізілді. Шарада тұрғын үйлердің ауласындағы ағаштар әктеліп, үйлердің қасбеттері сырланды. Одан бөлек, тұрғын үй айналасы күл-қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Тазалық шараларына аудандағы әкімдік және мекеме қызметкерлері үлес қосты.
Сауран ауданында акция басталғалы бері зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметшілері, жастар, еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары қарқынды өтіп жатыр.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы Сарыағаш ауданында да жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сарыағаштық жастар тыл ардагерінің үйін тазалады. Дарбаза ауылдық округінің тұрғыны, жалғызбасты ардагер В.Хапизованың үйін қоқыстан тазалау, ретке келтіру жұмыстарына ерікті жастар белсене қатысып, үлестерін қосты.
Сонымен қатар, жастар Көктерек ауылдық округінің тұрғыны Роза Есенованың үйіне барып, аула жұмыстарына көмек көрсетті. Ақ жаулықты кейуананың хал-жағдайын сұрап, ақ батасын алған жастар үй ауласында тазалық жұмыстарын жүргізіп, күл-қоқыстан тазартты. Жастардың игі іске бастамашыл болып келгеніне қариялар ризашылығын білдіріп, батасын берді.