«JANA LEP» ӨНЕР ҰЖЫМЫ «КӨКТЕМДЕГІ КЕЗДЕСУ» МУЗЫКАЛЫҚ-ПОЭТИКАЛЫҚ СПЕКТАКЛІН САХНАЛАДЫ

Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Конгресс Холл» кешенінің «Jana Lep» өнер ұжымы «Көктемдегі кездесу» музыкалық-поэтикалық спектаклін сахналады.

Екі сеансқа қойылған туындыны көруге келгендер қатары көп болды. Қойылымды Дариға Тұранқұлова, Ғалым Доскен, Тұрсынжан Шапай, Гүлнар Салықбай, Еркін Жуасбек, Бақыт Беделхан, Қайрат Жолдыбайұлы, Ерлан Біләл, Жалғас Толғанбай, Мейрамбек Беспаев, Айгүл Қосанова, Жанболат пен Жазира және тағы басқа зиялы қауым өкілдері, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев тамашалады.

Шабыт пен сезімге толы бұл қойылымда қазақ поэзиясының классиктері мен қазіргі жас ақындардың өлеңдері алма-кезек оқылды. Сонымен қатар қазақ әнінің «алтын ғасырын» жасаған композиторлар мен бүгінгі жас композиторлардың әндері шырқалып,  композициялық қойылым режиссерлік және хореографиялық шешімдер арқылы өрнектеле түсті. Өнерпаздар көрерменді ананы құрметтеу, махаббатты аялай білуге шақырды.

Кеш барысында көркемдік жетекші Сержан Молдасанұлы өнер ұжымының құрылуы мен қалыптасуы жайында баяндап, келген көрерменге алғысын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында өткен көктемгі мерекелік іс-шарада аталған қойылымның алғашқы нұсқасы көпшілік назарына ұсынылған болатын. Одан соң премьерасы өткізіліп, көрерменнің жүрегінен орын ала білді. Үлкен аудиторияға таныстырылған бұл туынды жақында үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласында сахналанған болатын. Мұндай іссапарлар бұдан әрі де жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *