Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бүгін осы мәселеге байланысты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.
– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек,– деді Дархан Сатыбалды.
Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі Президент әкімшілігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.
– Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарларын әзірлеуі қажет. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұмыстарды атқаруда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қатысуына басымдық беріледі, – деді Ерлан Исабеков.
Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Бұл жұмыстар жалғасады.