Ауыл шаруашылығы саласы Түркістан өңірі үшін негізгі экономикалық құрылымның бірі. Бүгін Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірлік партия филиалының қоғамдық қабылдау алаңында болып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, — деп хабарлайды Bozyq.kz.
Басқарма басшысының қабылдауына Сауран ауданы, Шорнақ ауылынан келген Әлжан Көбеев ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген бірнеше мәселені көтерді. Оның ішінде ағын су тарифі қымбаттағанын айтып, бұл мәселе шаруаларға қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Жер асты суын пайдалануда тік дренажды ұңғымалар қазып беруге мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады. Өңірдің егін шаруашылығын дамытуда суды аз талап ететін бидай өсіруге басымдық беруді ұсынды.
Тұрғын көтерген сауалдарға рет-ретімен жауап берген басқарма басшысы, ағын су мәселесін реттеуде ең алдымен тозығы жеткен каналдарды қалпына келтіруге басты көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Бір ғана Сауран ауданының өзінде соңғы бір-екі жылдықтың көлемінде 2 каналдың арнасы бетондалып, жөндеуден өткізілгенін атап өтті. Облыстың су арналарын қалпына келтіруде үлкен жұмыстар жоспарланғанын мәлімдеді. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар шығынды көп талап ететінін түсіндіріп, оның бәрі тарифке әсер ететінін жеткізді.
«Шаруалардың жайын қарастыруда ағын су тарифін субсидиялау мәселесі қолға алынғанын, бірінші жылы тарифтің 50 пайызы мемлекет есебінен төленетін болса, екінші жылы тарифтің 40 пайызы субсидияланатынын атап өтті. Үшінші жылы мемлекеттік субсидия тарифтің 30 пайызын жабатынын түсіндірді. Мемлекеттің бұл бағыттағы ұстанымы – шаруаларды суды үнемді жұмсауға дағдыландыру екенін айтып, тамшылатып суғару технологиялары енгізілген егістік көлемін біртіндеп арттыру басымдыққа ие басты мәселе»,- деді Нұрбек Бадырақов.
Айта кетейік, облыс көлемінде 214 тік дренажды ұңғыма бақылаудан өткізіліп, тазартылған.