Шымкентте масаға қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Bozyq.kz.
Шымкентте 45 гүлзар, 12 саябақ , 35 өзен мен канал, 2 су қоймасы бар. Биыл шыбын шіркейді жою жұмыстары Дендросаябақтан бастау алды. 117 гектар жерді алып жатқан бақта жасанды көл бар. Аталған аймақты мамандар 3-4 күнде дәрілеп шықпақ.
Бұл бағыттағы жұмыстар жылына 4 рет жүргізіледі. Алдағы 15 күнде қала бойынша 1 млн 300 мың шаршы метр өзен-канал бойлары залалсыздандырылып, 3,5 млн шаршы метр саябақтар мен скверлер дәріленеді.
Қаладағы гүлзарлар мен саябақтар, өзен мен каналдар толық залалсыздандырылады. Ал көпқабатты тұрғын үй аулалары мен жеке секторларға масаға қарсы дәрі себілмейді. Оны тұрғындар өз қаржысына жүргізеді. Сол секілді кәсіпкерлік нысандардың иелері залалсыздандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізуге міндетті.
Мамандардың айтуынша дәрі жоғары сапалы болғанымен, жаңбыр жауса оның күші жойылады. Сондықтан да мамандар жауын-шашыннан соң қайта залалсыздандыруға кіріседі.
Аталған жұмыстарды мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жеңімпаз болып танылған «SATTI TULIK» ЖШС жүргізуде. Бұған қала бюджетінен 101 млн теңге қаржы қарастырылған. Шыбын-шіркей, масаға қарсы кординал дәрісі себілуде.
Маса дегеннен шығады. Масалар – қосқанаттылар тұқымдасына жататын жәндіктер тобы. Дүние жүзінде кең тараған 2500-дей түрі кездеседі. Ал Қазақстанда 100-ге жуық маса түрі бар.
Масалар артық майы бар адамдарды және спортсмендерді жиі шағады. Спортпен шұғылданатындардың қаны таза болады, сүт қышқылы көп бөлінеді, толық адамдарда да холестерин, сүт қышқылы көп болады.
Оның адам денсаулығына әкелер зиянды тұстары да бар. Сондықтан да қалалық билік өкілдері жәндіктің бұл түрімен күресуді бастап кетті.