СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕ

Ізгілікті қоғамның іргесі әділдіктің салтанат құруымен нығаяды. Туралықты ту еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған әуелден басымдық танытып, сайлауалды тұғырнамасына ұстын болған үш ұстанымының бірін – әділдік деп атады. Ал оған бастайтын қадам – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Президент ел тізгінін ұстағаннан кейін халыққа берген уәдесіне берік болатынын айтып, ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгіледі. Соның қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар назарға алынды.

Иә, сыбайлас жемқорлықпен күресу – бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей тұрған күрделі мәселелердің бірі. Әлемнің көптеген елдері секілді біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып бірігіп, белсенділік танытуымыз қажет. Яғни, пара беру де, пара алу да үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.

Бүгінгі таңда «Әділдік жоқ жерде пара алу жүреді» деген сөз халық арасында белең алған. Егер сыбайлас жемқорлық жойылса, халықтың сенімі пайда болып, күдік те сап тыйылар еді. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы ҚР Конституциясын, құқықтарын жетік біліп, жіті түсініп, абыройы мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауға тиісті. Сонда ғана сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді. Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Сондықтан оның алдын алып, қоғамнан жою, оның ұлғаюына жол бермеу халықтың өзінің қолында.

Айдос Ахметов,  Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының  «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі ММ» КММ-ң Аға кеңесші заңгері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *