Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті — еліміздегі халықаралық деңгейде туризм саласындағы мамандар дайындайтын жоғары оқу орны. «Халықаралық туризм және меймандостық университеті» КЕАҚ Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды.
Оқу орнының ерекшелігі – дуалды оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студент оқып жүріп, білім ордасы келісімшартқа тұрған нысандарда ақылы түрде жұмыс істей алады. 2023-2024 оқу жылында 3,4-курстардың 170 студенті дуалды оқыту бағдарламалары бойынша оқыған. Оның ішінде 18 студент «Rixos Dubai» қонақ үйінде тәжірибеден өткен. Бұл жайында университет ректоры Әлібек Шоқпаров брифингте мәлімдеді.
«Біздің университеттің серіктестерінің бірі – «Rixos Water World Aktau» қонақ үйі. Онда студенттер тәжірибеден өтіп, әрі еңбекақы алады. Одан әрі студент өзін жақсы жағынан көрсетіп, жұмыс барысында үздік нәтижелерге қол жеткізетін болса, ресми түрде жұмысқа орналасады. Студенттердің өндірістік практикасы «Aktau Tourism City Ltd», «Rixos President Astana», «Wyndham Garden Burabay», «Turkistan Silk Way Harbor», «Кhanshaiym Hotel» және «Hampton by Hilton Turkistan» сияқты ірі желілік қонақ үйлер базасында өтеді» — деді Әлібек Жұмабекұлы.
Сонымен қатар, университет ректоры Әлібек Шоқпаров халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында студенттерге жыл сайын отандық және шетелдік серіктес оқу орындарында 1 семестр білім алуға мүмкіндік жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, ақы төленетін шетелдік жазғы тағылымдама аясында әлемнің әйгілі туристік-курорттық аймақтарында тәжірибе жинақтауға жағдай жасалғанын мәлімдеді.
Айта кетерлігі, университетте келесі оқу жылынан бастап 3 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарлануда. Бұл туризм саласындағы кадр тапшылығы негізінде қолға алынған бастама. Алдағы оқу жылынан бастап білім алушылар бакалавр дипломын 3 жылда алатын болады. Оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде студенттердің 2 338-ы грантта оқыса, 216-сы ақылы негізде білім алады. Биыл университет алғашқы 461 түлегіне диплом табыстайды.