Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы өңірлік инвестициялық картаны іске қосылғанын хабарлады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында айтылды.
Брифингке Шымкент қаласы прокуратурасы басқармасының басшысы Бақытжан Байғозиев, аға прокурор Бақытбек Амалдықов, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, «ҚазақИнвест» АҚ өңірлік өкілдігінің директоры Дінмұхамед Зиятбеков қатысты. Жиында Сабира Адамбекова Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының тарапынан инвесторлық жобаларды қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Кәсіпкерлер палатасы, көптеген бағытпен қатар, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында жұмыс істейді. Мысалы, таяуда ғана инвестициялық карта іске қосылып отыр. Интерактивті инвестициялық картаны Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2023 жылдың 19 сәуірдегі Жолдауына сәйкес Үкімет және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын бірігіп іске қосып отыр. Бұл карта – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысында мониторинг жасауға мүмкіндік беретін цифрлық құрал. Онда инвестициялық жобаға қатысты барлық тарапқа, мысалы, кәсіпкер, жергілікті атқарушы орган, мемлекеттік орган, даму институттарына тиісті жауапкершілік бекітіледі.
«Бүгінгі таңда инвестициялық жобалардың жалпы ұлттық бірегей пулының тізіліміне Шымкент қаласы бойынша жалпы сомасы 443 млрд 56 млн теңгені құрайтын 59 жоба енгізілген. Ол жобалар мониторинг жүргізу нәтижесінде қазіргі таңда 4 кезеңге бөлініп отыр: 1-кезең – жалпы ұлттық пулға жобаларды енгізу (1 жоба); 2-кезең – Құжаттарды әзірлеу (13 жоба); 3-кезең – Құрылыс-монтаждау жұмыстары (40 жоба); 4-кезең – Іске қосу, өндірістік қуаттылығына шығу, өзіндік құнын өтеу (5 жоба)», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы сәйкес, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау аясында барлық тараптар, оның ішінде прокуратура қызметкерлері де жұмылады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі – еліміздегі кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға ықпал жасау. Осыған орай, жергілікті атқарушы және құзырлы-бақылаушы органдармен бірге кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау жұмыстары атқарылып жатыр», – деді Сабира Адамбекова.
Прокуратура өкілдері құзырлы орган тарапынан бизнес-қауымдастық және инвесторлардың құқығын қорғау – Мемлекет басшысы берген тапсырманың бірі екенін баяндады.
Бақытжан Байғозиевтің айтуынша, маңызды инвестициялық жүйелерді сүйемелдеу, жасанды әкімшілік кедергілерді азайту бағытында кәсіпкерлер палатасымен бірге ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері нақты 6 проблемалық мәселе оң шешілген. Ал «ҚазақИнвест» АҚ өңірлік өкілдігінің директоры Дінмұхамед Зиятбеков Шымкентте іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталып өтті.