Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен 26-маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде белгіленді. Содан бері, бүкіл дүние жүзінде, оның ішінде біздің елімізде бұл мерейлі күн ерекше атап өтіліп келеді.
Бұл күн қоғамның назарын нашақорлықтың әлемдік проблемасына, оның салдары мен оны жеңуге бағытталған, күш-жігерін осы мақсатқа аударуға арналған. Бірнеше жылдан бері бұл күн қарсаңында елімізде бір ай бойы, яғни 26-мамырдан бастап 26-маусымға дейін есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. Дәстүрге айналғандай, осы жылғы кезекті іс-шаралар 26-мамырда бастау алған болатын. Бүгін Шымкент қаласындағы «Психологиялық денсаулық орталығында» жиын өтті. Арнайы дәрігерлер мен спикерлер студенттерге психотропты өнімдердің кез-келген түрі қауіпті екенін айтып, кеңес берді.
Колледж студенттері нашақорлық бойынша спикерлерге түрлі сұрақтарын қойып, тікелей нақты жауап алды. Сонымен бірге іс-шара аясында білім алушылар үшін «Ашық есік» күні өтті.
Жалпы, профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын айтқан болатын.
Атап өту қажет, Шымкент қаласы әкімдігінде өңірлік деңгейде айлық профилактикалық жұмыстарды өткізу үшін жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктелген. Бір айлық іс-шараларды Шымкент қаласында іске асыру мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Соған сәйкес, мамыр-маусым айларында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жалпыға ортақ іс-шаралар кезең-кезеңімен атқарылады.