Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасов Созақ ауданына жұмыс сапарымен барды. Инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағында болып, онда отырғызылған тал көшеттерінің өнімділігімен танысты.
Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары автоматтандырылған газ тарату станциясында болып, атқарылу керек жұмыстарды пысықтады. Бүгінде Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізіліп, шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған.
Бұйырса, 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.
Өңірге жасаған сапар аясында Зұлфұхар Сансызбайұлы Таукент кентіне арнайы барып, ондағы «Шолаққорған-су» КММ мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу жүйесінде сұйық отынмен жанатын қазандықтардың жай-күйін бақылауына алды.
Биылғы жылы Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысады.
Сонымен қатар, Зұлфұхар Жолдасов Сызған және Басбұлақ елді мекендеріне барып, онда аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар Саржаз, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде де қарқынды іске асырылуда.