«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы Түркістан қаласында 100-ден аса сенбілік өтті. Қазақ елінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани астанасына айналған қала ажарына кіріп, көркіне көрік қоса бастады.
Бүгінгі тазалық жұмыстарына 1 мыңнан астам адам, 18 техника жұмылдырылған. Ауқымды сенбілік шарасына қаладағы 18 мекеменің қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Олар шаһардың 10-нан аса аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, науқан басталғалы бері қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша қалалық әкімдіктің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 3 839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1 562 нысан анықталған. Қазіргі таңда оның барлығы ретке келтірілген.
Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс жәшігі орнатылды.