Созақ ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Тазалық жұмыстарына 50-ге тарта ардагерлер қатысты. Акцияға қатысушылар аудан орталығындағы «Даңқ» саябағын қоқыстан тазартты. Аталған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосқан ардагерлерге алғысын жеткізді.
“Тазалықты алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Ауылымызды таза ұстау, оны жасыл желекке бөлеу біздің басты міндетіміз. Осындай игі шаралар арқылы келешек ұрпақты тазалыққа тәрбиелейміз” – деді Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов.
Сенбілік аясында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған майдангерлер есімі жазылған белгітастарды тазалап, «Белгісіз жауынгер» ескерткішінің айналасын ретке келтірді. Тазалыққа қажетті 2 техника жұмылдырылып, арам шөптер мен қураған ағаштар оталды.
Қиыр жайлап, шет қонған Сауран ауданында да сенбілік өтті. Ауданға қарасты 12 ауылдық округте ұйымдастырылған шараға 500-ден аса адам қатысты. Тазалық акциясына Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров және облыстық мәслихаттың депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, жол бойындағы қоршауларды әрлеу жұмыстарына қолғабыс жасады.
— «Бүгінгі сенбілікке 10-ға жуық техника және 500-ден аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау — әрбір азаматтың негізгі міндеті. Ауданымыз, ауылымыз өзімізге керек. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз», — деді Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров.
Тазалық акциясында 80 тонна қоқыс шығарылды. Сенбілік жұмыстары алдағы апталарда да тұрақты өз жалғасын табады,-дейді жергілікті билік.