БҮГІН ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ ЖАЛАУЫН КӨТЕРЕДІ

Бүгін Франция астанасы – Парижде XXXIII Олимпиада ойындары ресми түрде ашылады.  Әлемдік додада Шымкенттің намысын 10 спортшы қорғайды. Олар спорттың 8 түрінен бақ сынайды.

Жекелей 10 м тапанша бағдарламасының жолдама иегері Ирина Юнусметова нысана көздеу бойынша өнер көрсетеді.

Бокс спорт түрі бойынша Махмуд Сабырхан бақ сынаса, Самирхан Абабакиров ел намысын таеквондо спорт түрі бойынша қорғайды.

Ал, семсерлесуден бір емес екі бірдей спортшы жолдама алған. Олар, Эльмир Алимжанов және Ерлік Сертай.

Байдарка және каноэ есуден шымкенттік 3 спортшы бақ сынайды. Байдарка және каноэде есуден  ҚР-ның ХДСШ, ҚР-ның Ұлттық құрама командасының мүшелері: Сергей Емельянов, Руфина Искакова және Сергей Токарницкий.

Грек-рим күресінен Әлімхан Сыздықов өнер көрсетуге дайын. Ол аталған спорт түрінен Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі.

Ал, Эльжана Таниева-көркем гимнастика бойынша ел намысын қорғайды.

Спортшыларды тек шымкенттіктер ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы қолдап, сенім артып отыр. Жарыста сәтті өнер көрсетіп, елге жеңіспен оралуын тілейміз!

Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты аясында Сена өзенінде спортшылар шеруі ұйымдастырылады. 200-ге тарта әлем елдерінің мыңдаған спортшылары өз қайығымен жүзіп өтеді. Қазақстанның Туын алып шығу міндеті боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға табысталған. Спортшылар шеруінің ұзақтығы алты шақырымды құрайды.

Айта кетейік, Олимпиаданың салтанатты ашылуы Астана уақытымен сағат 22:30-да басталады. Оны Qazaqstan, Qazsport пен Хабар арналары тікелей эфирде көрсетеді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *