«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» науқанын қолға алған болатын. Көпшіліктің көңілінен шыққан, жұртшылық жылы қабылдаған «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» акциясы Қазығұрт тауының баурайындағы «Ақбура әулие» тарихи ескерткіш кесенесінің маңайында жалғасты.
«Тарихымызда өзіндік орны бар бұл аймақтың тазалығын сақтау – перзенттік борышымыз. Алтын бесік туған жерімізге жанашыр болу – бәрімізге ортақ міндет. «AMANAT» бастамашыл болған жобаны бүкіл қоғам болып жалғастыруға шақырамын», — деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев.
Түркістан өңіріндегі тәу ету туризмі объектілерінің тізімінде алдыңғы қатарда орналасқан тарихи кешеннің аумағында өткен тазалық жұмыстарына Қазығұрт ауданының әкімдігі де белсене қатысты. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы Исмаилов тарихи мәні бар бұл нысанға қамқорлық айрықша болатынын айтып өтті. Тарихи ескерткіш орналасқан жер Төлеби ауданына қарасты болғандықтан, мұндағы абаттандыру жұмыстары Төлеби ауданы әкімдігімен бірлесе атқарылатынын мәлімдеді.
Аудандық партия филиалының үйлестіруімен өткен ізгілікті іске партия белсенділері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, аудандағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, аудан және ауыл әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар және «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты. Тазалық жұмыстары «AMANAT» партиясының «Вандализмге жол жоқ!» акциясымен жалғасын тауып, тарихи маңызы бар ескерткішке күтім көрсетілді.