ТҮРКІСТАН: ТУРИСТІК ПОЛИЦИЯ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Түркістан қаласына келуші қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаһарда 25 туристік полиция қызметкері жұмыс істейді. Оларға арнайы нысанды киім, құрал-жабдықтар мен қажетті техникалар берілген. Туристік тәртіп сақшылары – Қ.А.Ясауи кесенесі, Керуен сарай кешені, Президент саябағы аумағын сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін екі ауысыммен бақылап, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алады. Көмек қажет болған жағдайда жәрдем етеді.

Туристік полицияның қызметіне соңғы бір айда 650-ден астам азамат жүгінген. Мамандардың айтуынша, туристер мен қонақтар «Түркістанда қандай қонақ үйге тоқтауға болады?», «Көші-қон полициясы қайда орналасқан?» және бір нүктеден екінші нүктеге қалай жетуге болатыны жайындағы сұрақтармен жиі келеді.

Қызметкерлер – жедел әрекетке дайын жас мамандар. Қазақ, орыс, түрік, қытай, ағылшын тілдерін және қала тарихын жетік меңгерген.

Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі. Бүгінде зиярат етушілері саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыс пен Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *