«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы шеңберінде «AMANAT» партиясы апта сайын, тұрақты негізде «Таза бейсенбі» тазалық жүргізу бастамасын іске асырып жатқаны белгілі. Партия ұйытқы болған ізгілікті іс облысымыздың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, аманаттық өкілдер тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырудың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Партия белсенділері қолға алған шараны тұрғындарымыз қолдап, тазалықты өмір салтына айналдыруда іргелі қадамдар жасалуда. Партияның Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» науқанын жалғастыра отырып, әр аймақтың өзіндік келбетіне айналған айшықты жерлерін қоғамдық қамқорлыққа алуды мақсат етіп белгіледі. Бұл өз кезегінде, азаматтардың экологиялық мәдениетін жетілдірумен қатар, туған жеріміздің көрікті аймақтарын, өзен-көлдерінің жағалауларын, тарихи орындарды, көпшілік демалып, серуен құратын жерлерді, табиғи қорық аумақтарын көпшілікке таныстырып, олардың тазалығын сақтауға көпшіліктің назарын аударады.
Экожүйені сауықтыруға арналған кезекті басқосуымыз облыс орталығы – Түркістан қаласынан 30 шақырымдай қашықтықтағы Хантағы жартасы деп танылған демалыс аймағында өтті.
Қазыналы Қаратаудың етегін алып жатқан табиғи қорық – еліміздің жауһары десек те болады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Эндемикалық өсімдіктер жамылғысының көптігі бұл аймақты ботаникалық ғылым үшін қызықты әрі ерекше өлке деп белгілейді. Жойылу алдында тұрған Қаратау арқары да осы аймақтың баға жетпес қазынасы деп бағаланады.
Тау бөктерінде ежелгі тас, қола және темір дәуірлерінен қалған петроглифтер, ежелгі тұрақ орындары халқымыздың асыл тарихи-мәдени мұрасын құрайды. Аймақтың ерекше қыры ретінде Түйетас, Хантағы, Кемпіртас, тағы да басқа табиғи ғажайып тас мүсіндерін атап өтуге болады.