Шымкентте үйлену тойларының маусымы әлдеқашан басталып кеткен. Соның ішінде тамыз – неке көп қиылатын айдың бірі, ал ерекше дата – 8 тамызда неке қиған жұптар саны рекорд орнатты.
«Жылдағыдай дәстүр биыл да жалғасты. 8 тамыз күні қалалық АХАЖ-да неке қиюшылар саны күрт артты. Жалпы, жыл басынан бері 7 525 жұп шаңырақ көтерді. Қала тұрғындары негізінен ерекше даталар мен мереке күндерін таңдауға тырысады. Осылайша биылғы 8 тамызда АХАТ бөлімінде 60 жұптың некесі тіркелді. Жас жұбайлардың өздері неке қиюды жүректерімен таңдағандарын, ал бұл ерекше дата жай ғана естелік үшін ұнағандарын айтады», – деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.
8 тамыз күнгі некелесу рәсімі биыл маусым айында ашылған жаңа салтанат залында өтті.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап АХАТ функциялары мемлекеттік корпорацияға берілді. Некені тіркеу туралы өтінішті АХАТ бөліміне 15 күн бұрын тапсыру қажет. Сондай-ақ, электронды үкімет порталы және екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы өтініш беруге де болады. Салтанатты рәсімді АХАТ қызметкері жүргізеді. Сонымен қатар, неке қиюды салтанатты түрде рәсімдеуді көрсетілген орынға барып тіркеу қызметі де қарастырылған.
Жалпы, Шымкент қаласында 12 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр, оның ішінде төртеуі – мамандандырылған қызмет көрсету орталығы. Сонымен қоса көші-қон қызметтерін көрсету және кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы да бар. Барлығы Kaizen қағидатымен жұмыс істейді.
Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шымкент қалалық филиалында 554 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген.