Бүгін — Абай Құнанбайұлының туған күні. Хакім Абай – ағартушы, ғұлама, ойшыл, жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы, халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға. Оның шығармашылығын қастерлеп, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру – әр отандасымыздың қастерлі парызы.
Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бай әрі көп қырлы. Ол 170-тен астам өлең, бірнеше поэма жазып, 50-ден астам аударма қалдырды. Шетел классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, оқырмандарын Лермонтов, Пушкин, Гете және Байрон сынды ұлы ақындардың шығармаларымен таныстырды. Адамзат баласының санасына сәуле жүгірткен қара сөздердің, әуезді әндер мен күмбірлеген күйлердің авторы атанды. Сондықтан, ұлы тұлған есімі ел жадында мәңгі сақталатыны анық.
Бүгін Шымкент қаласында 10 тамыз Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ескерткіш алдына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға мәслихат депутаты, фракция мүшесі А.Зейнетаев, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Е.Байқонысов, мәдениет басқармасының өкілдері, аманаттықтар және зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді. Бұл мереке 2020 жылы аталып өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілді. Күнтізбеміздегі жаңа мереке осыдан 4 жыл бұрын пайда болды. Содан бері 10 тамыз ресми түрде Абай күні болып жарияланды.
Мереке ресми демалыс күні болып саналмайды.