«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: «ҮЛГІЛІ ҮЙ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Арыста «Үлгілі үй» байқауының жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды Bozyq.kz.

Арыс қаласының тұрғындары үшін биылғы Қала күні мерекесі ерекше мағыналы болды. Тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі кіреберіс» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, бұл процеске әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.

«Біз қаламызды көркейту үшін осындай шараларды жыл сайын өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғындардың өз үйлеріне, аулаларына, көшелеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, тазалық пен тәртіпті сақтауға ынталандырады. Бүгінгі марапатталушылар біздің қаланың бетке ұстарлары, олардың үлгісі басқа тұрғындарға да әсер етеді деп сенемін», – деді Гүлжан Құрманбекова.

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын, көшесін тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырған азаматтардың тазалыққа жанашырлығы – көпке үлгі екендігі сөзсіз.

Осындай тұрғындардың ортақ күш-жігерінің арқасында қаламыз әлі талай табыстарға жететініне сенім мол.

Айта кетейік, «Үлгілі үй» байқауы жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *