Арнайы білім беру саласында педагогтің кәсіби шеберлігі әр баланың қабілетін ашып, дамуына қолдау көрсетуімен өлшенеді. Сондықтан үздік мамандарды анықтап қана қоймай, олардың тиімді жұмыс әдістерін таратуға бағытталған байқаулардың орны ерекше. Шымкенттік педагогтер биылғы «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогі – 2026» республикалық байқауында жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған байқаудың финалдық кезеңіне еліміздің 20 өңірінен 64 педагог қатысты. Қатысушылар кәсіби ізденістерін таныстырып, арнайы білім беру саласындағы озық әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша №33 «Ақбота» арнаулы балабақшасының тәрбиешісі Гүлжанар Тұретайқызы Қалыбекова «Арнайы балабақшаның үздік тәрбиешісі» номинациясында І орын иеленді. Ал №32 «Еркін» мемлекеттік арнаулы балабақшасының педагог-логопеді Дария Бақытқызы Тургинбаева «Арнайы балабақшаның үздік педагогі» номинациясы бойынша ІІ орынға ие болды.
Мұндай кәсіби сайыстардың мәні жүлделі орындарды анықтаумен шектелмейді. Олар мамандардың біліктілігін арттырып, тиімді әдістемелерді өзге білім беру ұйымдарында қолдануға жол ашады. Бұл әсіресе әр баланың қабылдау ерекшелігі мен даму қарқыны ескерілетін арнайы білім беру саласы үшін маңызды.
Озық тәсілдер күнделікті оқу-тәрбие үдерісінде қолданыс тауып, нақты нәтижеге бағытталғанда ғана мұндай бастамалардың тиімділігі арта түседі. Өйткені басты мақсат — марапат алу емес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қабілетін дамытуға, сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау.
Шымкенттік мамандардың жетістігі — осы бағыттағы кәсіби еңбектің бағалануы. Ал олардың білімі мен шеберлігін одан әрі жетілдіру балаларға көрсетілетін педагогикалық қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.