Бұдан былай Шымкенттің білім ұйымдарына жұмысқа қабылдау арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асады. Педагог кадрларды жұмыспен қамтудың бұл тәсілі ашықтық пен жариялылық қағидатына тән. Яғни, адами фактордың араласуын тежеп, парақорлықтың алдын алады. Шымкенттегі оқушылар сарайында жаңа жобаның таныстырылымы ұйымдастырылып, оған шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысты.
Ел бойынша ешкімде жоқ жоба «HR-Process» деп аталады. Бағдарлама бойынша педагогикалық бос орынға өтініш беру электронды түрде қабылданады. Жүйе конкурстық әдіске негізделген. Үздік кадрды іріктеуде және сыбайластықтың алдын-алуда таптырмас тәсіл. Болашақ педагогты тәжірибелі педагогтардың өзі таңдайды. Арнайы бағдарлама арқылы жоғары балл жинаған үміткер бірден жұмысқа қабылданады. Ал, межелі ұпайға ие бола алмай қалғандары білікті ұстаздардан құралған комиссиясының әңгімелесу сынағынан өтеді. Ал, бұл процесс әлеуметтік желілерде онлайн трансляцияланады.
Конкурстың барлық нәтижелері қолжетімді. Мағлұматтар www, HR-Process.kz. сайтында жарияланады. Бүгінде миллионды шаһардың білім беру ұйымдарына 85 бос орын бар. Ұстаз атануға 120-дан астам азамат үмітті. Жоба жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов жүйенің жемісті боларына нық сенім білдірді.