КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ӨТТІ

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының пікірінше Азия аймағында ең үздік медиицина Сингапур елінде екен. Әр жыл сайын Сингапурға емделу үшін 500 мың адам келетін көрінеді.  Жұрт, кішкентай ғана Сингапурды азиядағы айдаһарға балайды. Жә, мысал ретінде айттық. Енді, елге оралайық.

Бұрын қазақстандық пациенттер ұзақ уақыт бойы кардиохирургия, нейрохирургия, мүшелерге трансплантация жасау, онкология және т.б. сияқты медицина салаларында ем алу үшін өзге елдерге баруға мәжбүр еді. Басы ауырып, балтыры  сыздаған ағайын шетел асатын. Тәшкен жағалайтын. Ал, қазір жағдай басқа. Шымкенттік дәрігерлер  жүрекке «lvad» қондырғысын орнатудың 10-шы отасы сәтті  жасады. Жетістік пе? Жетістік.

Шымкент қалалық «Жүрек орталығының» дәрігерлері екі жылдан бері жүрек жеткіліксіздігі бойынша есепте тұрған 60 жастағы науқасқа ашық түрде ота жасады. Жоғары технологиялық LVAD қондырғысын орнатты. Ота сәтті өтті.

–Екі жылдан бері жүрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрамын. Көп жаяу жүре алмайтын, 10 қадам жүргеннің өзінде ентігіп қалатын едім. Соңғы уақытта бір бөлмеден шыға алмайтын дәрежеге жеттім.  Алғашында келісімімді бермей, қарсы болдым. Қорқыныш болды. Күн өткен сайын жағдайым қиындай бергесін, өмірімді дәрігерлерге сеніп тапсырдым, – дейді науқас Виктор Кашлев.

Дәрігерлерді  сөзге тарттық. Қазір  науқастың жағдайы жақсы. Жан сақтау бөлімінде дәрігердің бақылауында оңалту емін алып жатыр.

– LVAD құрылғысы – жүрекке хирургиялық жолмен орнатылатын механикалық сорғы. Дені сау адамның жүрегі минутына 7-8 литр қанды айналдырса, жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда 1-1,5 литр ғана қанды айналымға жібереді. Мұндай науқастар қимыл-әрекет еткен кезде ентігіп, әлсіреп қалады. Салдарынан 10-15 қадам жасай алмай, бір бөлменің ішінде ғана өмір сүреді. Қазіргі науқасымыз отаның ертеңіне-ақ орнынан тұрып, біршама жүріп, әрекет ете бастады, – дейді «Жүрек орталығының» жүрек жеткіліксіздігі бойынша координаторы Айнаш Балабекова.

Дәрігерлер  жүрек жеткіліксіздік дертіне шалдықпау үшін ең алдымен басқа да жүрек ауруларының алдын алу керек екенін айтады.  Айта кетсек, бүгінде жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен қалалық «Жүрек орталығына» 6 212 науқас тіркеліп, тиісті медициналық көмек алып жатыр.

Сингапурды текке айтпадық. Бүгінде, Шымкент қаласы еліміздегі бірегей медициналық туризм орталығына айналып келеді. Оған ақ халаттылардың бауыр, бүйрек, бүлкілдеген жүрекке де ота жасап жатқаны дәлел.  Қысқасы, жарқын күндер, алда!

Bozyq.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *