Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен қала активінің отырысы өтті. Жиынға қала прокуроры Ғабит Мұқанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин арнайы қатысты. Күн тәртібінде бір мәселе қаралды. Шаһарда орын тепкен жекеменшік мектептердегі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылу мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды «Bozyq.kz» ақпарат агенттігі.
Шымкент жастар қаласы. Қала халқының 3/1 жастар құрайды. Биыл жаңа оқу жылы қарсаңында 28 мыңға жуық бала 1-ші сыныпқа барды. Қалада 134 228 оқушыны ыстық тамақпен қамту қарастырылған. Оның 80 мыңнан астамы -1-4 сынып оқушылары, 53 893 оқушы — атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларының балалары.
2022 жылы қала мектептерінде бастауыш мектеп оқушыларына түгел ыстық тамақ берілген болатын. Жалпы, қамтылған оқушылар саны — 133 758. Өткен жылы бұл мақсатқа 12,8 млн.теңге жұмсалған.
Қала аумағында осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін бақылау мақсатында білім басқармасы жанынан ведомствоаралық сараптау тобы құрылған. Оған құқық қорғау органдары, білім саласының мамандары, қоғам белсенділері мен ата-аналар комитетінің өкілдері кірген.
Келесі аптада жұмыс тобының қорытындысы арнайы жиында талқыланатын болады.
Деректерге сүйенсек, бүгінде республикада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 111-і Шымкент қаласында орын тепкен.
Bozyq.kz