ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Ғалымжан Елшібай Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Bozyq.kz.

Бүгін Қазақстан Журналистер Одағының басқарма мүшелері мен қалалық, облыстық филиал төрағаларының қатысуымен жиын өтті. Онлайн форматта өткен басқосудың күн тәртібінде журналистердің құқықтарын қорғау, республикадағы өңірлік филиалдардың жұмысын жандандыру, мүшелік жарналарды жинау секілді маңызды мәселелер қаралды.

Сондай-ақ, Одақ құрылымында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Басқарма басшылығының шешімімен Қазақстан Журналистер Одағының атқарушы директоры болып белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы тілшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай тағайындалды. Бұл жауапты қызметті Ғалымжан Қамытбекұлы Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағалығымен қоса атқаратын болды. Бұдан бөлек, Одақтың Астана қалалық филиалының төрағасы болып Әмір Қасенов бекітілсе, Қостанай облыстық филиалын басқару Александра Серғазиноваға тапсырылды. Одақ төрағасы Сейітқазы Матаев еліміздегі ірі шығармашылық бірлестіктің жұмысына сәттілік тілеп, жаңа қызметке тағайындалған әріптестерін құттықтады.

Қазақстан Журналистер Одағының атынан басшылық жасау құқығын беретін жауапты қызметке кіріскен Ғалымжан Елшібай сенім білдіргені үшін басқарма мүшелері мен әріптестеріне алғысын жеткізіп, ұлттық журналистиканың ұпайын түгендеп, саланың жан-жақты дамуына, осы бағытта тың бастамалар мен жаңа идеяларды іске асыруға, республикалық одақтың жұмысына серпін беріп, өңірлердегі филиалдардың жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салудан аянып қалмайтынын айтты, — делінген хабарламада.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *