Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Ведомство басшысы «АйМар Құс» ЖШС жұмысымен танысып, жергілікті шаруалармен кездесті. Кәсіпкерлердің басын қосып сүт-тауарлы фермалар мен көкөніс қоймаларын жеңілдікпен несиелендіру мәселелерін талқылады. Шаруалар да қарап қалмады. Мәртебелі мейманды күнде көре бермейтін болғандықтан көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Тұщымды жауап алды.
Шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге салықтың тарифтік ставкасын төмендетуді және асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізуді сұрады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ауыл шаруашылығы министріне мегаполис аумағында салынатын қызанақ өсіруге арналған жаңа форматтағы ең ірі жылыжай кешенінің жобасын да таныстырды.
Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны түріктің “Alarko Holding” компаниясы жүзеге асырады. Жаңа технологияларға негізделген жылыжай 500 гектар аумақты қамтиды. Нәтижесінде 2000 жаңа жұмыс орны ашылады. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жандар тұрақты жұмыспен қамтылады.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қаладағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында атқарылып жатқан шараларды оң бағалады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 17 қарашада Астана қаласында Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI Қазақстандық дөңгелек үстел өткен болатын. Сонда Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Түркияның ірі компаниясы «Alarko Holding» компаниясымен меморандумға қол қойған еді. Сең қозғала бастады.