ШЫМКЕНТ: 156 ЖЕКЕМЕНШІК МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМ ХАЛЫҚҚА МӘМС ШЕҢБЕРІНДЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ

Шымкент қаласында 190 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді.  Оның 34-і мемлекеттік, 156-сы жекеменшік медициналық ұйымдар.

МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, медициналық мекемелердің саны артқан. Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек мәлім етті.

 

«Шымкенттегі жекеменшік медициналық ұйымдардың ішінде 89 стоматологиялық мекеме МӘМС шеңберінде қызмет көрсетеді.  Балалар мен жүкті әйелдер олардан жоспарлы стоматологиялық көмек алуға құқылы. Ал, шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар; жүкті әйелдер; Ұлы Отан соғысының ардагерлері; 1, 2, 3 топтағы мүгедектер; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар; Атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер; жұқпалы, әлеуметтік маңызы бар аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар; ерекше баланы күтуді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға көмек көрсетіледі»,  деді Сәбит Құралбек.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы тарапынан емдеу мекемелерінің халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетулеріне жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп отыратын көрінеді.

Былтыр, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалына  емханалар тарапынан уақытылы медициналық қызмет көрсетілмеуіне байланысты 500–ге жуық шағым түскен екен. Азаматтардан түскен 65 шағым бойынша жоспардан тыс мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 22-нің негізділігі анықталған. Ешбірінің арқасынан қағып, басынан сипамадық,  дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *