«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» бастамасы — тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, туған жерге деген қамқорлықты азаматтық ұстаным ретінде тәрбиелеуді көздейді. Партиямыздың қалалық филиалы тазалық жұмыстары атқарылуы тиіс аумақтардың картасын әзірлеп, жауапты ретінде аудандық атқарушы хатшыларын, бастауыш партия ұйымдарын, мәслихат депутаттарын, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерін бекітті.
Елді мекендерде, көпшілік жүретін күре жолдардың бойында, демалыс аймақтарында партияның ықпалымен өтіп жатқан игі шараға қоғамда орны бар танымал азаматтар, спорт шеберлері, ардагерлер мен жастар көптеп тартылуда. Бүгінгі тазалық жұмыстары Әл-Фараби ауданындағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайының» маңында өтті. Жиналған жұрт сенбілікті таңғы жаттығумен бастап, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. 200-ден астам аманаттықтар 1 тонна күл-қоқыс жинап, 2 шаршы шақырым жерді тазалады
Экоакцияға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, мәслихат депутаттары, фракция мүшелері ардагерлер, белгілі спорт шеберлері, жергілікті тұрғындар қатысты. Сондай-ақ партия қызметкерлері, қалалық «Жастар Рухы» ЖҚ белсенділері, «Jasyl el» еңбек жасағы және бастауыш партия ұйымдары белсенділік танытты.
«AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрақты негізде, апта сайын, еліміздің барлық өңірінде жалғасып, жұртшылықты изгілікті іске жұмылдырған халықтық жобаға айналды. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау білдірген аманаттықтар, осылайша туған жеріміздің экожүйесін қалпына келтіруге үлестерін қосып қана қоймай, қоғамның табиғатқа деген жанашырлығын оятуға, өзіміз өмір сүретін ортаның тазалығын қамтуға тәлім алар өнегесін көрсетуде.